Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық пен найзағайға байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
19 маусымда еліміздің бірнеше өңірінде ауа райының қолайсыз құбылыстары сақталады. Синоптиктердің болжамынша, Астана, Шымкент қалаларында және бірқатар облыстарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін.
Сонымен қатар республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде аптап ыстық күшейеді. Қызылорда облысында ауа температурасы 42 градусқа дейін көтерілсе, Маңғыстау, Атырау, Алматы, Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарында 35-41 градусқа дейін ыстық болады.
Түркістан мен Жамбыл облыстарының таулы аудандарында қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Желдің екпіні кей өңірлерде секундына 15-23 метрге дейін жетеді.
Синоптиктер жоғары температураға байланысты көптеген облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Әсіресе Қызылорда, Абай, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарында өрт қаупі жоғары деңгейде болады.