Елімізде атаулы көмектің мәні өзгереді - министр

924

Атаулы көмек отбасы немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылатын болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын таныстырғанда хабарлады, деп жазады inbusiness.kz 

Елімізде атаулы көмектің мәні өзгереді - министр Фото: yujanka.kz

Тамара Дүйсенованың айтуынша, Әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибелер зерделеніп, еліміздің ерекшелігі ескерілді. Оның негізі ретінде Еуроодақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынған. Кодекс жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптардан тұрады.

Министр Отбасының цифрлық картасына тоқталды.

"Ол мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде  қалыптастырылады. 6,3 млн қазақстандық отбасы немесе 19,4 млн азаматтар туралы ақпаратты қамтиды. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы ұсынған Алкире-Фостер моделін пайдалана отырып, әрбір отбасының әл-ауқат дәрежесін анықтап, оларды 5 санатқа бөлдік. Нәтижесінде әлеуметтік саясат шараларының отбасы әл-ауқатын көтеруге қаншалықты ықпал еткендігін бағаладық. Сонымен қатар отбасыларға және олардың мүшелеріне қандай мемлекеттік көмек түрі қажет екендігін анықтауға мүмкіндік алдық", - деді министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Ақпаратқа сәйкес, Кодексте азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесінде жаңа тәсілдерді енгізу қарастырылған.

"Біріншіден, атаулы көмектің мәні өзгереді. Енді атаулы көмек қандай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылмақ. Екіншіден, қолданыстағы әлеуметтік келісімшарттың жаңа мазмұны, яғни  тараптардың жауапкершілігін арттыру қарастырылып отыр. Мысалы, мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті", - деді Тамара Дүйсенова.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу