Бүгін министр Павлодар облысының тұрғындарымен, қоғам белсенділерімен және экологтармен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ластаушы заттардың 30% Павлодар облысында шығарылады.
"Павлодар облысы ластаушы заттар көлемі бойынша елде антилидер болып тұр. Қалдықтардың 730 мыңы, бұл дегеніңіз – елдегі ластаушы заттардың 30% осы аймаққа тиесілі", - деді министр.
Әсіресе, отын-энергетикалық кешеннің қалдығы көп. Облыстағы ластаушы заттардың 65%-ын дәл осы саланың шығындылары құрайды. Сол сияқты металлургиядағы лас заттар 26%, мұнай-химия бағытындағы кәсіпорындардың қалдықтары 3%болып отыр. Аудан-қалалар бөлінісінде, көп қалдық Павлодар қаласының өзінде жиналады. Екібастұз бен Ақсуда салыстырмалы түрде қарағанда шығындылар аз.
"Павлодар-мұнай химия зауыты 2025 жылға дейін ауаға шығатырылатын заттар көлемін 11 мың тоннаға, алюминий зауыты 28,4 мың тоннаға азайтуды жоспарлап отыр. Жалпы, өңірде табиғатты қорғау шаралары аясында соңғы бес жылда кәсіпорындар 73 млрд теңге инвестиция салды", - деп атап өтті Серікқали Брекешев.
Сонымен қатар, министр экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 33 шарадан тұратын жол картасы қабылданғанын айтты.