2025 жылғы тамыздан бастап елімізде шаруа немесе фермер қожалықтарына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беруге арналған конкурс өткізу қағидаларына өзгеріс енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Енді конкурстық ұсыныста міндетті түрде алғашқы 5 жылда 1 гектарға инвестиция көлемі, техниканың, жабдықтың және малдың болуы талап етіледі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мамандарының біліктілігі үшін қосымша ұпай беріледі.
"Бұл процес ашық, объективті түрде жүргізіліп, ауыл шаруашылығын дамытуға нақты бағытталады", – деді спикер.
Үкімет қаулысымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің шекті мөлшері бекітілді. Бұл қолайлы жағдайы бар өңірлерде жерді неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Қазір 2026 жылға арналған Жол картасында пайдаланылмай жатқан 1 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу көзделген. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстар бөлінісінде бұрын қайтарылған жерлерді қайта бөлу жөніндегі егжей-тегжейлі жоспарды әзірлеп, бекітті.
Аталған жоспар қайта айналымға енгізілмеген аумақтарды қамти отырып, оларды экономикалық айналымға жедел тартуды көздейді.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға жерлерді қайта бөлу кезінде жергілікті халықтың жайылымдық қажеттіліктерін ескеру туралы нақты нұсқау берілді.
"2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қайтарылған 8,5 млн гектар жер қайта бөлінді, оның ішінде, 2,8 млн гектар жергілікті халықтың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға берілді; 5,7 млн гектар конкурстық негізде ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне табысталды. Бұл ретте 2026 жылдың ортасына дейін қалған 5,1 млн гектар жерді тұрақты айналымға тарту жоспарда бар", – деп мәлімдеді АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.