2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 449,3 мың бірлікті құрады, деп жазады inbusiness.kz.
Оның ішінде 87,9% – жеңіл көлік, 10% – жүк автомобилі, 2,1% – автобустар.
"2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда жалпы автомобильдер саны 3,7%-ға артты. Атап айтқанда, жеңіл автомобильдер саны 2,9%-ға, жүк автомобильдері – 7,1%-ға, автобустар 24,7%-ға көбейді. Жалпы тіркеудегі көліктер арасында шығарылғанына 20 жылдан асқан көліктер басым – 51%.
Республикада 3 696,6 мың жеңіл автокөлік жекеменшік иелігінде болған. 2021 жылмен салыстырғанда жеке меншіктегі жеңіл автомобильдердің үлесі 3%-ға өсті", - делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, жеңіл автомобильдердің ең көп үлесі Алматы облысы (472,5 мың бірлік), Алматы қаласы (448,2 мың бірлік) және Шығыс Қазақстан облысының (272,9 мың бірлік) жеке иелеріне тиесілі.
"Халықтың жеке меншіктегі жеңіл автомобильдермен қамтамасыз етілуі бойынша 100 адамға шаққанда 18,6 бірлік көліктен келеді. Өңірлер бөлінісінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарының иелігіндегі жеңіл көлік саны көп болып шықты, 100 адамға 37,3 көлік, одан кейін Алматы облысы – 31,5, Қарағанды облысы – 23,6", - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
2022 жылғы желтоқсанда 124,2 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,5% азайған, оның ішінде тіркелген жеңіл автомобильдер саны 5,1%-ға төмендесе, жүк автомобильдерінің саны 68,4%-ға, автобустар 2,1 есе артқан.