Ал агроөнеркәсіптік кешенде ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған инвестициялық және технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – енді барлық ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар тауарлар мен қызметтерді тек отандық өндірушілерден сатып алуға міндетті. Бұл қазақстандық кәсіпорындар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Бұрын шетелден жеткізілген бөлшектердің орнына, енді ірі шикізат компаниялары Қазақстанда жаңа зауыттардың ашылып, дамуына ықпал етіп, оларды ұзақ жылдарға тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде әрбір ірі кәсіпорын немесе ведомство айналасында жергілікті тұрақты өндірістердің берік өнеркәсіптік экожүйесі қалыптасуда.
Сонымен қатар адал бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында "Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі" мемлекеттік цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұл платформа жалған өндірушілерді автоматты түрде анықтап, нақты өндірістік қуаттарды тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйеде 6,6 мыңнан астам компания тіркелген. Оның ішінде 4 467 кәсіпорын толық Қазақстанда өндірілген өнім шығарса, 2 146 кәсіпорын қайта өңделген өнім өндіреді.
Нақты секторды несиелендірудегі бизнестің ролін күшейту үшін Үкімет "Бәйтерек" холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтты. Соның нәтижесінде холдингтің кәсіпкерлікті қолдауға арналған жалпы қаржылық мүмкіндігі 8 трлн теңгеге дейін артты. Бүгінде оның 4 трлн теңгеден астамы игеріліп, 8 мыңнан астам бизнес субъектісі қолдау алды. Оның 96%-ын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Ортамерзімді кезеңде холдинг институттары арқылы қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.
Өңдеуші өнеркәсіптің өсімі және Президенттік пулдағы 17 мегажоба
Шикізатты терең өңдеуді жүйелі түрде ынталандыру өңдеуші өнеркәсіптің қарқынды дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 6 айында өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9,8%-ды құрады.
Инвестиция тартуға қажетті инфрақұрылымды бүгінде 18 арнайы экономикалық аймақ, сондай-ақ 67 индустриялық аймақ және 34 шағын өнеркәсіптік аймақ қамтамасыз етіп отыр. Арнайы экономикалық аймақтардың географиясы да кеңейіп келеді. Бұған дейін Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында іске қосылған аймақтарға қосымша 2026 жылы Жамбыл облысында "ИТЛК Алатау" арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бүгінгі таңда бұл аймақтарда 558 жоба іске қосылды, оның 85-і шетелдік тараптың қатысумен жүзеге асырылды. Бұл ретте тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 трлн теңгеден асты. Инвестициялық штаб жұмысы аясында осы жылы 3 трлн теңгеден астам сомаға инвестициялар туралы 18 келісімге қол қойылды. Үкімет Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан 17 серпінді жобаның пулына ерекше назар аударады. Олар жоғарғы қайта бөлуді барынша игеруге, отандық шикізатты пайдалануға және іргелес кластерлерді дамытуға бағытталған. Осы бағдарлама аясында Қостанай облысында Kia Qazaqstan және Алматыда "Astana Motors Manufacturing Kazakhstan" ЖШС зауыттары іске қосылды. Павлодар облысында "Mineral Product International" ЖШС металлургиялық кластерін құру, Qarmet комбинатын жаңғырту, Абай облысында мыс балқыту зауытын, сондай-ақ Атырау облысында "Силлено" ЖШС және "Бутадиен" ЖШС ірі газ-химия кешендерін салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2026 жылы жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын аша отырып, 200 индустриялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 267 млрд теңге сомасына 77 жоба іске қосылып, 4,5 мың жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаттылыққа шыққаннан кейін бұл өндірістер жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгеге өнім шығаруды қамтамасыз етеді, оның ішінде 500 млрд теңгеге өнім экспортқа бағытталады. Жаңа зауыттардың өңірлерді дамытуға бағытталғаны маңызды. Осы жылы Қазақстанда бұрын өндірілмеген бірегей ірі габаритті машина жасау тораптары мен арнайы техникадан бастап сутегі мен күрделі минералды тұздарға дейін мүлдем жаңа тауарлардың 15-тен астам түрін шығару басталады. Осы орайда мұнай-газ-химия саласында өндіріс өткен жылы екі еселенген өсімді көрсетіп, 619 мың тоннаға жетті, ал осы жылдың 5 айында өндіріс көлемі 225,3 мың тоннаны құрады.
Ауылға инвестиция: жаңа технологиялар ауыл шаруашылығын қалай дамытады
Өнеркәсіптік сектордың оң динамикасы агроөнеркәсіптік кешенде де көрініс табуда. 2026 жылдың алты айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,4%-ға ұлғайып, 2,2 трлн теңгені құрады. Бұл өсудің басты себебі инвестициялардың күшті ағыны болды: 2026 жылдың бес айында олардың ауыл шаруашылығына көлемі 36,4%-ға, ал азық-түлік өндірісіне – 2,7 есе өсіп, 207,3 млрд теңгеге жетті. Ауылда кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі драйверлерінің бірі – "Ауыл аманаты" бағдарламасы. Осы жылы оның шеңберінде 29,4 млрд теңге сомасына 2 738 жоба қаржыландырылды. Жалпы, 2026 жылы жобаны жүзеге асыруға 100 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Бұл қаражат 5,4 мың жоба үшін бюджеттік микрокредиттер мен лизинг беруге жұмсалады, бұл ауыл тұрғындары мен шағын қалалар тұрғындарының бизнесін ашу және дамыту үшін мүмкіндіктерді едәуір кеңейтуге жағдай жасайды.

Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру және мал шаруашылығының өсуі
Биыл жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарға дейін кеңейтілді, бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға артық. Шаруалар жоғары рентабельді майлы дақылдарға басымдық беріп, егіс көлемін 4,3 млн га жеткізді және 3,3 млн га жем-шөп дақылдар, бұл ретте дәнді және бұршақты дақылдарға шамамен 15,8 млн га бөлінді.
Сонымен бірге мал шаруашылығы саласында мал басының тұрақты өсімі байқалады. Ірі қара мал саны 5,8%-ға артып, 9,3 млн басқа жетті. Жылқы саны 7,4%-ға өсіп, 5 млн басты құрады, ал түйе саны 3,6%-ға көбейіп, 312 мың басқа жетті. Соның нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артты: сойыс салмағындағы ет өндірісі 5,5%-ға өсіп, 559 мың тоннаны құрады, сиыр сүтінің өндірісі 2,4%-ға артып, 1,9 млн тоннаға жетті, ал жұмыртқа өндірісі 7,9%-ға ұлғайып, 2,4 млрд дана болды.
АӨК-ке инвестициялар картасы
Осы жұмысты жүйелеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Оның аясында жалпы саны 13 ірі халықаралық инвестициялық келісімге қол қойылды.
Негізгі жобалар қатарында:
- "Shengtai Biotech" ЖШС (Fufeng Group, ҚХР) – жүгеріні терең өңдеу зауыты ( $1,5 млрд);
- "Азия Алтын Дән" ЖШС (Dalian Hesheng Holdings Group, ҚХР) – Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауытының құрылысы ($650 млн);
- "Alsera KZ" ЖШС (Alarko Holding, Түркия) – ірі жылыжай кешенінің құрылысы ($650 млн);
- "QazaqArab Sugar" ЖШС (Al Khaleej, БАӘ) – Алматы облысында қант зауыты ($580 млн);
- "Kazak Protein" ЖШС (Tiryaki Holding, Түркия) – Астанада астықты терең өңдеу кешені ($320 млн);
- "Carlsberg Central Asia" ЖШС (Дания) – алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт (216,3 млрд теңге);
- Әлемдік деңгейдегі брендтердің жобалары – Алматы облысында Mars Petcare (88,8 млрд теңге) және Кока-Кола Алматы Боттлерс (41,8 млрд теңге) компанияларының жаңа өндіріс орындарын салу.

Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизинг
Агротехниканы жаңғырту бағытында елеулі технологиялық серпіліс жасалды. 2026 жылы жылдық 5% мөлшерлемемен ұсынылатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемі 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетті. Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде шаруаларға сатылған ауыл шаруашылығы техникасының көлемі 35%-ға артты. Былтыр 25 мың бірлік техника сатып алынса, оның 10,4 мың бірлігі дәл осы жеңілдетілген лизинг тетігі арқылы алынған.
Сонымен қатар сатып алу құрылымындағы Қазақстанда құрастырылған техниканың үлесі 95%-ға дейін өсті. Қазіргі таңда елімізде тракторлар мен комбайндарға деген ішкі сұраныстың 90%-ын қамтамасыз ететін 10 ірі зауыт жұмыс істейді. Олардың қатарында Қостанай қаласында әлемдік көшбасшы John Deere компаниясының, ал Петропавл қаласында CLAAS компаниясының локализацияланған құрастыру өндірістері бар.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру
Осы инвестициялық және технологиялық шаралардың барлығы дүкен сөрелеріне тікелей әсер етеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде азық-түлік өнімдерін өндірудің нақты көлем индексі 114,7%-ды, ал сусындар өндірісі 104,4%-ды құрады. Негізгі азық-түлік санаттарының бірқатары бойынша айтарлықтай өсім байқалды. Атап айтқанда, ет, шұжық өнімдері, өсімдік майы мен сары май, ірімшік пен сүзбе, қышқыл сүт өнімдері, жармалар, макарон өнімдері, күріш, кондитерлік өнімдер және өңделген көкөністер өндірісі артты.
Бүгінде Қазақстанның ішкі нарығы негізгі азық-түлік тауарлары бойынша 80–100% деңгейінде отандық өніммен қамтамасыз етілген. Өз өндірісінің көлемін ұлғайту ел ішіндегі бағаны ұстап тұруға және нарықты импортқа тәуелділіктен қорғауға тікелей ықпал етеді.
Импортты толық алмастыру бойынша жүйелі жұмыс импортқа тәуелді болып отырған 6 негізгі санат бойынша жалғасуда. Олардың қатарында құс еті, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, қант және алма бар. Жаңа отандық өндіріс орындарын іске қосу осы өнімдер бойынша сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтуға және негізгі азық-түлік себетінің құнын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бағаны тікелей тежеу және алыпсатарлық үстемеақыларға жол бермеу мақсатында Үкімет ірі сауда желілерімен тұрақты жұмыс кездесулерін өткізуде, сондай-ақ өңірлерде тұрақты түрде фермерлік жәрмеңкелер ұйымдастыруда. Бұл жәрмеңкелерде өнімдер өндірушілерден тікелей нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан бағамен сатылады.