Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі - Серік Жұмангарин айтты.
"Бүгінгі таңда барлық сақтау нысандарының ішінде елімізде тек 200-ге жуық көкөніс қоймаларында климаттық жабдықтары бар. Қоймадағы көкөністердің көлемін анықтау мақсатында талдау жүргізу кезінде біз дәйекті тауар балансын қалыптастыру үшін деректердің болмауы проблемасына тап болдық. Осыған байланысты біз Ұлттық статистика бюросына қоймалардағы көкөніс қорлары бойынша статистикалық нысанын әзірлеу және енгізу туралы ұсыныс енгіздік. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарына тіркелмеген көкөніс қоймаларына түгендеу және тіркеу жұмыстарын жүргізіп, оларды салық есебіне қоюды тапсырдым. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және жергілікті атқарушы органдар көкөніс қоймаларын санаттарға бөлуі жұмыстарын жүргізеді.
Нәтижесінде барлық көкөніс қоймаларын статистикалық есеппен қамтып еліміздегі қоймалардағы көкөністер бойынша дәйекті деректер тұрақты қол жетімді болады", – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, ол алдын ала бағалау жұмыстар нәтижесінде қоймалардың айтарлықтай тапшылығы байқалатынын жеткізді.
"Егер біз қазіргі заманғы сақтау форматтарының талаптарына сәйкес келетін қоймаларды ғана ескеретін болсақ, онда тапшылық әлдеқайда көп болады. Жалпы түгендеу нәтижелері бойынша 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар пысықталады", – деді министр.