Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұл қор қазіргі заңда қарастырылмаған. Бірақ кейбір операторларда әмбебап байланыс қызметтері туралы түсінік бар. Олар телекоммуникацияны жаңғырту мен дамытуға бағытталған қосымша салықтық жүктеме алған, – деді Дамир Сейсембеков "Астана хабта" өткен стратегиялық талқылауда.
Оның айтуынша, байланыс саласындағы жабдықтар мен басқа да элементтерді үнемі жаңартып отыру қажет, алайда бұл саладағы қаржыландыру жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.
– Қазіргі уақытта бұл қаражат қосымша салық түрінде республикалық бюджетке түседі, бірақ республикалық бюджеттен тікелей инвестиция алу мүмкін емес. Кейін қаражатты жалпы ережелер бойынша республикалық бюджеттен сұрауға тура келеді. Бұл салада инвестицияның жеткіліксіздігін байқап отырмыз. Қор дәл осы мәселені шешуге арналған, – деп түсіндірді комитет басшысы.
Сонымен бірге, ол ауылдық елдімекендердегі байланыс қызметтерін субсидиялау туралы айтты.
– Біздің еліміздің аумағы үлкен, ауылдардың арасы алыс. Көптеген спикерлер ауылдардағы қызметті коммерциялық түрде көрсету аса тиімді емес екенін айтты. Біз реттеуші орган ретінде, операторларды түрлі тәсілдермен ынталандырамыз, салықтық жеңілдіктер, тікелей субсидиялар қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындарының телекоммуникациялық қызметтерді қала тұрғындарымен тең дәрежеде алуын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр, – деп қорытындылады Д. Сейсембеков.