Британдық Knight Frank компаниясының сараптамасына сүйенсек, қазақстандықтардың 0,04%-ы ғана 2016 жылы байлығы доллармен өлшенген миллионерлер қатарына енген екен, деп хабарлайды egemen.kz.
"Дамыған елдермен салыстырғанда, бұл әрине төмен көрсеткіш. Дегенмен, республикада заңдастыру акциясына сәйкес 5,7 трлн теңге заңдастырылып, билікке бұрын белгісіз болып келген миллионерлер анықталды", деп жазады factcheck.kz
2015 жылғы нәтиже бойынша алғашқы үштікте көш бастап тұрған АҚШ-та 4,5 млн адамның (1.39% халықтың жалпы саны), Жапонияда 2,7 млн (2,15%) және Германияда 1,2 млн адамның (1,49%) байлығы доллармен есептеледі екен. Бұл қатардан Швейцария, Кувейт, Норвегия елдеріндегі ауқатты адамдарды да көре аласыз.
Knight Frank сараптамашыларының айтуынша, 2016 жылы республикамызда жағдайы 1 млн доллардан асатын 6 700 адам болған (шамамен, 311 млн теңге). Сараптамалық зерттеудің нәтижесінде, олардың саны алдағы он жылда 10 700 адамға дейін өседі. Осылайша, британдық компаниялардың бағалауына сүйенсек, шынымен де, Қазақстанда халықтың 0,04% құрайтын айтарлықтай ауқатты адамдар (әлемдік есеппен) бар екен.