Елімізде балаларға қатысты зорлық деректеріне әрекет етудің нақты мерзімі бекітілді

119

Енді куәгер балалар да толықтай қорғауға алынады.    

Елімізде балаларға қатысты зорлық деректеріне әрекет етудің нақты мерзімі бекітілді Фото: psy.su

Жаңа тәртіп "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" заңды жүзеге асыру аясында бірлескен бұйрықта бекітілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді 1 сағат ішінде балаларға қатысты зорлық немесе буллинг туралы ақпарат уәкілетті органдарға жіберіліп, бір жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалады.

Бірнеше мемлекеттік орган қабылдаған бұйрыққа сәйкес, жүйеде алғаш рет кейс-менеджер институты енгізілді, олар бала құқықтары бұзылған жағдайда жеке сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Құжатта полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері мен қорғаншылық органдарының жауапкершілік аймақтары нақты бөлінген.

Сондай-ақ 3 жұмыс күнінен кешіктірмей материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады. Енді мұндай жағдайлар тек ресми шағымдар арқылы емес, балалардың сигналдары, "111" байланыс орталығы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары мониторингі арқылы да анықталады.

Барлық жағдайда балаларға медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмек бірыңғай стандарт бойынша көрсетіледі. Мемлекеттік қорғауға тек жәбірленушілер ғана емес, зорлық-зомбылықтың куәгері болған балалар да алынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу