"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Сауда және интеграцияның бірінші вице-министрі Арман Шакқалиевтің қатысуымен әмбебап базарлардың проблемасына арналған жиын өтті, деп жазады inbusiness.kz
ҰКП мамандары Астана, Алматы және Шымкент қалаларында базарларды модернизациялау мерзімін ұзарту туралы мәселен бірнеше рет көтеріп келді. Заң бойынша мерзім 2023 жылдың 1 қаңтарында аяқталған.
Демек, мыңдаған сауда орындарының жабылып қалу қаупі туды. Он мыңнан аса кәсіпкер мен отбасылары табыссыз қалар еді.
Еске сала кетсек, модернизациялау көше дүңгіршектері, контейнерлік павильондарды сауда және ойын сауық орталықтары немесе сауда үйлері үлгісінде заманауи объектілерге ауыстыруды көздейді.
Жиында Сауда және интеграция вице-министрі осы мәселеге қатысты министрліктің позициясын айтты.
Спикер қазіргі кезде Парламент Мәжілісінің қарауында базарларды жаңарту мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту бойынша "Атамекен" бастамашылық еткен түзету талқыланып жатқанын айтты. Министрлік бұл бастаманы қолдайды және Ұлттық палатамен бірлесіп, оны Мәжілісте қорғауға дайын.
"Біз Ұлттық палатамен бірлесіп, бұл мәселені пысықтадық. Заң жобасында модернизациялау мерзімі 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін деп жазылады. Сауда орындарын жабамыз деп ешкім айтып жатқан жоқ", – деді вице-министр.
Арман Шакқалиев жол картасы бойынша міндеттемелер сақталатынын атап өтті.
Жол картасы әр базар бойынша егжей-тегжейлі іс-шаралардан басқа, сауда саласында жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысына өзгерістер енгізу жөніндегі тармақты да қарастыратынын атап өткен жөн.
Жол картасында көзделген іс-шараларды іске асыру базарларды жаңғырту барысына тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.