Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бензин бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бізде қазір нарықта тапшылық бар. Дефицитті жауып, энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Модернизацияны жүргізу үшін тиісті қаржы салу керек. Мұнай өнімдерінің бағасына жабдықтарды сатып алуға, ұстауға, операциялық шығындарға, логистикаға, жаңа құбыр және теміржол инфрақұрылымын салуға тартылған қарыздар да кіреді", – деп атап өтті министр Мәжіліс кулуарында.
Алмасадам Сәтқалиев бұл мұнай өнімдерінің бағасына әсер ететінін жеткізді.
"Оның (ред. – бензин бағасы) қандай болатыны ішкі нарықта мұнай бағасы қандай болатынына байланысты. Қазір ішкі нарықтағы баға көрші елдерге қарағанда ең төмен. Бұдан бөлек мұнай өнімдерінің бағасы ең төмен деп айтуға болады. Нарық ашылған жағдайда біздің барлық арзан өніміміз тарап кетеді, өз кезегінде бұл баға көтерілуінің факторы болады", – деді Энергетика министрі.