ҚР Оқу-ағарту министрлігі 5 маусым мен 5 шілде аралығында барлық облыстардың білім басқармалары қызметіне кешенді мониторинг жүргізеді, деп жазады inbusiness.kz.
Оның мақсаты – білім беру жүйесінің дамуына әсер ететін факторларды анықтау және үздік өңірлік тәжірибені айқындау.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Ернұр Дауеновтың айтуынша, мониторинг тек білім басқармаларына ғана қатысты. Тексеріс тобы балабақша, мектеп, колледж және басқа да білім беру ұйымдарына бармайды.
"Білім басқармаларына мониторинг жүргізуге мұғалімдер немесе білім беру ұйымдарының директорлары тартылмайды. Барлық білім беру ұйымдарында жазғы демалыс басталды, мұғалімдер бекітілген кестеге сай демалысқа шыға алады. Қорытынды емтихандардан кейін мұғалімдердің еңбек демалысына ештеңе кедергі болмауы керек. Білім басқармаларының қызметін зерделеу үшін барлық бағыттар бойынша арнайы критерийлер әзірленді", - дейді Ернұр Дауенов.
Айта кетейік, мониторинг барысында Министрлік комитеттері мен департаменттерінің мамандары және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары өңірлерге әдістемелік көмек көрсетеді. Қорытындысы бойынша өңірлердің білім беру жүйесін жетілдіру және олардың қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар беріледі.