Елімізде бір адам 5 шетелдікті жұмысқа қабылдауға құқылы

1062

Елімізде бір адам 5 шетелдікті жұмысқа қабылдауға құқылы

Шет елдерден Қазақстанға жұмыс іздеп келетін еңбек мигранттарының саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, соңғы үш жылдың өзінде елімізге 5 миллион кірме келген. Оның басым бөлігі жұмыс тапқан. Бұл туралы ішкі істер министрлігі көші-қон қызметінің мамандары айтты, деп хабарлайды 24.kz.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, Қазақстанға жұмыс іздеп келетіндердің көш басында Өзбекстан тұр. Сондай-ақ Тәжікстан мен әзербайжандықтарды да жиі кездестіруге болады. Ал Қырғызстан мен Ресей Еуразиялық экономикалық одақта болғандықтан, азаматтары бізде емін-еркін жұмыс істей алады. Тиісінше отандастарымызға да бұл елдерде еш шектеу қойылмайды.

Сондай-ақ соңғы жылдары Қазақстанға алыс шет елден келетіндер саны да артқан. Жыл басынан бері 360 мың адамға жеке тұлғаның қарамағында жұмыс істеуге рұқсат беріліпті. Осының арқасында мемлекет қазынасына 5 миллиард теңге түсті.

Айта кету керек, қазақстандық әрбір азамат 5 шетелдікті жеке жұмысына шақыруға құқылы екен. Бірақ ол заңдастырылуға тиіс. Ал осы заңды белден басып, жасырын түрде жұмыс беретіндер жазаға тартылады. Мәселен, шетелдік азаматты заңсыз жұмсап отырған қазақстандық алғаш рет қолға түскенде 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Екінші рет қайталаса, 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде шығынға батады. Одан да сабақ алмағандары қоғамдық жұмысқа тартылып, тіпті қамауға алынуы да мүмкін. Ал Қазақстанда заңсыз еңбек етіп жүрген мигранттарға әкімшілік жаза қолданылып, елден шығарылады. Оған қоса Қазақстан аумағына 5 жыл ішінде аттап басуына тыйым салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу