Енді грант беруден бас тартуға қосымша негіздер енгізіледі, ал мемлекеттік қолдау алғандар туралы ақпарат ашық жарияланатын болады, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарды беру қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрық 2026 жылғы 13 маусымнан бастап күшіне енеді.
Үміткерлер үшін не өзгереді?
Негізгі жаңалықтардың бірі – өтінім қабылдау тәртібіне қатысты.
Енді құжаттар кезең-кезеңімен қабылданады. Жыл сайын кемінде 2 қабылдау легі өткізіліп, олардың арасы 3 айдан кем болмайды. Бұл үміткерлердің өтінім беру мерзімдерін мұқият бақылап, келесі қабылдау кезеңінің ашылуын күтуіне тура келетінін білдіреді.
Сонымен қатар, өтінімдерді қабылдамау негіздерінің тізімі кеңейтілді. Бұл конкурстық іріктеуді қатаңдата түсуі мүмкін.
Комиссия құрамы жаңартылып отырады
Құжаттар тапсырылғаннан кейін өтінім мен бизнес-жоба конкурстық комиссияның қарауына жіберіледі. Енді комиссия құрамы әрбір жаңа қабылдау легі үшін қайта жасақталатын болады.
Сондай-ақ мүдделер қақтығысының алдын алу тетігі енгізілді. Егер комиссия мүшелерінің бірінде немесе бірнешеуінде конкурсқа қатысушыға қатысты мүдделер қақтығысы анықталса, комиссия құрамы өзгертілуі тиіс.
Гранттар туралы ақпарат ашық болады
Мемлекеттік қаражатты бөлу процесінің ашықтығын арттыру мақсатында Еңбек ұтқырлығы орталықтары жыл сайын 10 сәуірге дейін өз сайттарында грант алушылар туралы толық ақпарат жариялауға міндеттеледі.
Ашық қолжетімділікке мыналар шығарылады:
- грант алушылар туралы мәліметтер;
- қаржыландырылған бизнес-жобалар;
- берілген мемлекеттік қолдау көлемі;
- құрылған жұмыс орындарының саны.
Осылайша қазақстандықтар мемлекеттік қаражатты кімдердің алғанын және қандай жобалардың жүзеге асырылғанын көре алады.
Жаңа міндеттеме енгізіледі
Грант алушылар үшін қосымша талап белгіленді.
Кәсіпкер грант алғаннан кейін 18 ай ішінде кемінде бір тұрақты жұмыс орнын құруға міндетті. Сонымен бірге жұмысқа мансап орталығы жолдаған жұмыс іздеушілерді қабылдауы қажет.
Осылайша мемлекет жаңа жобаларды қолдап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуын да ынталандыруды көздейді.
Өзгерістер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2026 жылғы 28 мамырдағы №207 бұйрығымен бекітіліп, 2026 жылғы 13 маусымнан бастап күшіне енеді.