Елімізде бұдан-былай азаматтар өзін сақтандырмай шетелге шыға алмайды

1184

Елімізде бұдан-былай азаматтар өзін сақтандырмай шетелге шыға алмайды

Туристердің мүлкін міндетті сақтандыру – сауық үшін төленетін салық болмақ. Енді теңіз жағасында демалғысы келген азаматтар сақтанбай шекара аса алмайды. Бұған дейін туристі сақтандыру олардың өз еркінде болса, енді міндет болуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк Қазақстан нарығына қандай сақтандыру компанияларының кіруіне рұқсат барын, одан ел ішінде ең кең тараған көлікті міндетті сақтандыру құны қалай өзгеретінен айтып берді, деп хабарлайды КТК телеарнасы .

Ұлттық банк төрағасының Үкіметке ұсынған заң жобасы бір жағынан туристерді күтпеген жағдайдан сақтағанымен, екінші жағынан қалтаға қосымша салмақ. Бір сөзбен міндетті сақтандырулардың қатары тағы бір міндетті келісімшартпен толығып отыр. Министрлер алдында Данияр Ақышев сақтандыру құны арзан деп сүйіншілеген еді.

"Қамту есебінен сақтандыру құны жоғары емес. Күніне 340 теңге. Сақтандырумен қамту 3,4-17 млн теңге аралығында", - дейді  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

340 теңге қатып қалған құн емес. Туристің бет алған еліне байланысты сақтандыру бағасы құбылуы мүмкін.

"Міндетті сақтандыру үш бағдарлама бойынша жүзеге асады. Біріншісі ТМД елдері бойынша, екінші Еуропа мен Азия мемлекеттері және қалғандары. Сақтандыру құны нақты елге байланысты есептеледі", - дейді Ұлттық банк қызметкері Шоқан Итемгенов.

Яғни елдің тұрмысы, қауіпсіздік деңгейі сақтандыру полисінің бағасына тікелей әсер етеді. Егер бұрын отандық туристер сақтандыруды өз еріктеріне, артық ақшаларына қарап алса, енді бұл елден шығудың міндетті шарты болмақ. Ұлттық банк қызметкерлері шетелдік сақтандыру компанияларына қандай  шартпен Қазақстанға келетінін де айтып берді.

"Мысалы міндетті капиталдың мөлшері 5 млрд теңгені құрауы керек. Сондай-ақ сақтандыруда 10 жыл тәжірибесі болуы шарт. Ұлттық банк сонымен қатар шетелдік компаниялардың біздің елдегі басшыларына қатысты өз талаптарын қоя алады", - деді  Ұлттық банк қызметкері.

Шетелдік ойыншылардың Қазақстан нарығына кіруі, Данияр Ақышев айтқандай, баға саясатына қатты әсер ете қоймайды. Ал біздің елде қазіргі таңда ең кең тараған сақтандыру түрі – көлікті қауіпсіздендіру бағасына тіпті әсері жоқ. Бұл негізінен халықты ерікті сақтандыру мәдениетіне үйретуге жасалған қадам. Заң жобасы жақын арада парламентке түсіп, анық-қанығы сол жерде айтылуы тиіс. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу