2026 жылдың қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда былғары және былғарыдан жасалған өнімдер өндірісі 36%-ға өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы QazIndustry Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.
Салалар бойынша өсім әртүрлі бағытта байқалды: жолға арналған бұйымдар мен ер-тұрман жабдықтары өндірісі 47,6%-ға, аяқ киім шығару 39,9%-ға, ал былғарыны илеу және өңдеу, аң терісін өңдеу мен бояу 27,3%-ға артқан.
Өндіріс көлемі бойынша Алматы облысы, Алматы қаласы және Жамбыл облысы көш бастап тұр. Алматы облысында 2,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы көлемнің 35%-ын құрады. Алматы қаласында 967,6 млн теңге (13,7%), ал Жамбыл облысында 776,8 млн теңге (11%) өнім шығарылған.
Саладағы негізгі өндірушілер қатарында "СпецОбувьТорг", "Zhamal-Ai Ltd", "ТаразКожОбувь", "Samhat аяқ киім фабрикасы", "Nappa KZ", "Almaty Tannery+" және "Семей аяқ киім фабрикасы" сияқты кәсіпорындар бар.