Елімізде денсаулық сертификаты енгізілуі мүмкін

1105

4 млн-ға жуық азаматты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламаның жобасы әзірленді.

Елімізде денсаулық сертификаты енгізілуі мүмкін

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлерге денсаулық сертификатын беруді ұсынды. 

"Кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қажет болса қауіпсіздік, яғни, денсаулық сертификаты әр мекемеге берілуі керек. Оны қадағалау жобасы жасалуы шарт. Әйтседе бұл сертификатты әзірлегенде кәсіпкерлерімізге үлкен бюрократиялық тосқауыл жасамай, оны цифрлық нұсқада дайындауға болады. Біз осындай ұсыныс енгіздік. Қазіргі кезде Түркияның қонақүйлері де осындай сертификат енгізіп отыр. Мұны біз де қолға алуымыз қажет. Денсаулық сақтау министрлігімен осы саладағы ережелерді қарауымыз керек. Кәсіпкерлік нысандар ашылғанда қауіпсіздік шараларын қолға алу маңызды. Сондықтан кәсіпкерлер бірінші кезекте пайданы емес, қауіпсіздікті ойлауы керек", – деді Абылай Мырзахметов желідегі парақшасында өткізген тікелей эфирі барысында.

Сонымен қатар ол карантиннен кейін жұмыспен қамту мәселесіне аса назар аудару керек екенін айтты. 

"Экономика бұрынғыдай қалпына келе алмайды. Кейбір компаниялар банкрот болуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап тиісті органдар осы мәселеге назар аударуы керек. Әрине, онлайн саласы сұранысқа ие болады, дамиды. Бірақ ол 4 млн адамды жұмыспен қамти алмайды. Бұл ретте құрылыс саласын айта кеткім келеді. Қазіргі кезде үкімет тарапынан көп қаражат бөлініп жатқан "Жұмыспен қамту жол картасы" бар. Осының барлығын қарау керек. Сондай-ақ тамақ, ауыл шаруашылығы саласына назар аудару маңызды. Әсіресе, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында. Осы тұрғыдан алғанда біздің негізгі мақсатымыз жалпы халықты кәсіпкерлікке үйрету, тарту. Нәтижесінде 3,5-4 млн-ға жуық азаматтарымыз жұмыспен қамтылады. Осындай бағдарламаның жобасы дайын, біз оны үкіметке ұсындық. Келесі аптада оны толық қарауға дайынбыз", – деді  Абылай Мырзахметов. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу