Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды, деп жазады inbusiness.kz.
Халық қалаулылары 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул белгілейтін қаулы қабылдап, демалысқа кетті.
"Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты.
Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік. Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті.
Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды.
Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды.
Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды", – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Сенаттың құрылымы өзгерді.
Қазақстан халқы ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды. Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды.
Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия
Парламентке өтті.
"Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр.
Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды.
Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Сонымен қатар, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді.
Сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда ең жас Парламент деп атауға болады.
Жасы әлі 35-ке толмаған 13 депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етуде.
Бүгінгі таңда жаңарған Парламент – саяси мәдениеті жоғары, беделді халық қалаулыларынан құралған", – деді Мәжіліс төрағасы.