Елімізде дербес деректер сервисі пайда болуы мүмкін

741

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дербес деректерді қорғауды күшейтуді тапсырған.

 Елімізде дербес деректер сервисі пайда болуы мүмкін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Заң жобасы 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдануы керек.

Министрлік мәліметінше, заңдағы жаңа өзгерістер негізінде дербес деректер операторлары және дербес деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисі құрылуы мүмкін. 

"Елімізде дербес деректерді жинауда айқындық жоқ. Осыған байланысты дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету сервисі енгізіледі. Бұл азаматтарға жеке деректерін бақылауға мүмкіндік береді. Аталған қызмет толық жұмыс істеуі үшін барлық мемлекеттік дерек базасын сервистерге интеграциялап, оны заң деңгейінде міндеттеу керек", - деді ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұстағұлов "Құқықтық медиа орталығы" ұйымдастырған отырыста.

Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, бұл түзетулер елдегі сөз бостандығын, тежеп, ақпарат алуды қиындатуы мүмкін.

Осыған байланысты Талғат Мұстағұлов қазақстандықтарды белсенді болуға шақырды.

"Қоғам мүшелері және бизнес өкілдерінің заңға қатысты ұсыныстары болса, енгізілетін нормаға көңілі толмаса, біз оларды тыңдауға дайынбыз. Себебі, арада түсіністік болуы керек. Мемлекет азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын бұзбауы шарт. Сондықтан барлығын белсенді болуға шақырамын", - деді комитет төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, 7 сәуірде заңға енгізілетін өзгерістерді талқылаудың уақыты аяқталады.

"Президенттің тапсырмасына сәйкес, біз заңды 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдауымыз керек. Оған дейін заң жобасы Мәжілісте, Сенатта қаралып, талқыға салынады. Сондықтан ендігі аптаға дейін сіздерден нақты ұсыныстарды күтеміз. Кейін сіздер ұсынған нормалар бойынша мемлекеттік органдармен жұмыс істейміз", - деп түйіндеді сөзін Талғат Мұстағұлов.

Заңға қатысты ұсыныстарды төмендегі поштаға жібере аласыз: digitalfreedomskz@gmail.com

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу