ЕЭК деректеріне сүйенсек, еліміздің ішкі білім миграциясындағы үлесі 65%-ды құрады. ЕАЭО-ның басқа елдерінде білім алғысы келген қазақстандық түлектердің көбі Ресейді таңдаған, деп жазады inbusiness.kz ranking.kz порталына сілтеме жасап.
Бұдан басқа білім миграциясындағы айтарлықтай үлес Беларусь (12,1%) пен Қырғызстанға (10,8%) тиесілі.
Одақта талапкерлерді негізгі қабылдаушы мемлекет – Ресей. Бұл елдің жоғары оқу орындарында Еуразиялық одақтан келген студенттердің жалпы үлесінің 88,5%-ы оқиды.
Соңғы 4 жылда ресейлік университеттерді таңдайтын қазақстандық студенттердің саны азайып келеді. 2018-2019 жылдары Ресей университеттері мен колледждерінде отандық мектептердің 65,7 мың түлегі білім алса, биылғы оқу жылында олардың саны 61,04 мың болды (-7%).
Егер отандық ЖОО-да оқитын қазақстандықтардың жалпы санымен салыстыратын болсақ, Ресейге оқуға кеткендердің үлесі 10,3%-ды құрайды.
Қазақстандағы білім миграциясының сальдосы теріс күйінде қалып отыр. ЕЭК мәліметіне қарасақ, елдің ЖОО мен колледждерінде 32,4 мың шетелдік студент оқиды. Бұл Ресейде оқитын қазақстандық студенттердің санымен салыстырғанда 2 есе аз.
Биыл Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 3,5 мың студент, ал әлемнің басқа елдерінен 28,9 мың студент білім алып жатыр. Соның ішінде көрші Өзбекстаннан елімізге 15,6 мың талапкер келген. Одан кейінгі орында Үндістан орналасты (6 мың студент). Үштікті Ресейден келген білім алушылар қорытындылайды (2,5 мың студент).