Бүгінгі таңда мемлекет фермерлерге өсімдік шаруашылығындағы (дәнді, дәнді-бұршақты, майлы дақылдар, алма ағаштары, алма өнімі, жайылым биомассасы) және мал шаруашылығындағы (ІҚМ, ҰҚМ, жылқы, құс, т.б.) 16 сақтандыру өнімі бойынша сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау түрінде қолдау көрсетуде. Қазақстанда өсімдік шаруашылығы саласында 4 сақтандыру компаниясы және тағы 3 мал шаруашылығында жұмыс істейді. Сақтандыру операторы – "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ.
2021 жылы сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге, 2023 жылы – 2,5 млрд теңге, 2024 жылға қосымша қажеттілік – 2,7 млрд теңге бағытталды.
"2023 жылы өсімдік шаруашылығы саласында 142 шарт жасалып, 279 074 га алаңы сақтандырылған. 2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 261 шарт жасалды, оның аясында 490 225 гектар жер сақтандырылған. Осылайша, 2024 жылдың 5 айында өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру 2023 жылмен салыстырғанда 75%-ға өсті", – деп хабарлады ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Сондай-ақ ол биылғы жылы қайта сақтандыру компаниялары барлық өңірлерде егістік алқаптарын құрғақшылықтан және артық ылғалдан сақтандыруға шектеу қойғанын атап өтті. Бұл субсидия ала алатын фермерлердің санына шектелуіне алып келеді.
Жағдайды агроқұрылымдық сақтандыру қауымдастығының кеңес мүшесі Елдос Әуезбеков түсіндірді.
"Егер төлемдер мен сыйлықақылардың арақатынасы туралы айтатын болсақ, 2020 жылдан 2023 жылға дейін сақтандыру төлемдері 6 млрд теңгеден асты, ал сыйлықақылар жинағы 3 млрд теңгеге жуық. 4 жыл қатарынан құрғақшылық болды, ал 2023 жылы құрғақшылықпен қатар өзге өңірлерде ылғалдың шамадан тыс көп болуы тіркелді, ол да сақтандыруға жатады. Бұл биыл сақтандыруға сұраныстың артуына ықпал етті және сақтандыру лимиттерінен асып түсті", – деп атап өтті Елдос Әуезбеков.
Оның айтуынша, қайта сақтандыру компаниялары лимиттерді өткен жылдары да белгілеген, бірақ шаруалар тарапынан сұраныстың төмендігінен сақтандыру лимитіне ешқашан жеткен емес.
"Біз Швейцарияның қайта сақтандыру компанияларымен келіссөздер жүргізудеміз, кейбір неміс компаниялары лимиттерді 15 млн гектарға дейін көтеруге дайын, бірақ мемлекеттен сату көлемі бойынша кепілдік күтеді. Мемлекеттік қолдау шараларын (субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер) алушылар үшін өзара міндеттемелер болған жағдайда көлемге кепілдік бере аламыз. Егер шаруа егістік алқабының кем дегенде 20%-ын сақтандырса, бұл құрғақшылық пен ылғалдың артық болуы кезінде банкротқа ұшыраудан сақтайды", – деді Аграрлық сақтандыру қауымдастығы кеңесінің мүшесі Елдос Әуезбеков.
Елдос Әуезбековтің айтуынша, сақтандырушылар егінді ақбөкеннің шабуылынан сақтандыру мүмкіндігін де зерттеген. Қайта сақтандыру нарығы спутниктік мониторинг арқылы жайылымдардағы жасыл биомассаға ұқсас сақтандыру өнімдерін қарастыруға дайын. Ол үшін GPS трекерлері арқылы киіктердің қозғалысын бақылау қажет.
"Трекер ақбөкендер табынының жетекшісіне бекітіледі және ол арқылы табынның қозғалысы бақыланады. Одан әрі жайылымдардағы киіктерді бақылаған кезде біз жайылымдардағы биомассаның деңгейін қараймыз, ал ол төмендеген кезде алаң иесіне төлемдер жасалады. Бірақ қайта сақтандыру компаниялары үшін басты мәселе - мемлекет киіктердің санын қалай реттейтіндігінде. Егер бұл сұраққа жауап табылатын болса, онда апатты сақтандыру жүйесін жолға қоюға болады", – деп жалғастырды Е.Әуезбеков.
Шегірткеден сақтандыру өнімдері де бар. Сандық технологиялардың көмегімен егістерді фитосанитариялық қызмет химикаттармен өңделгені тексеріледі. Екінші нұсқа – гиперлокальды метеостансаларды, шегірткелердің санын хабарлайтын және фотосуреттер арқылы бақылайтын құралдарды орнатуға болады.
"Біз субсидиялау жүйесін өзгертеміз және оларды алу үшін шаруаларға өз кезегіндеталаптар да қоямыз. Мемлекет өз ресурстарын нәтижеге жету мақсатында жұмсайды. Ал оның нәтижесі – азық-түлік қауіпсіздігі және кәсіпорындарымызды шикізатпен қамтамасыз ету. Ал міндеттемелердің бірі сақтандыру болмақ. Қолданыстағы құралдардан өзше, егіннің жойылуынан және шегірткеден зақымдануынан сақтандырудың қосымша түрлерін әзірлеу қажет. Біз барлық ұсыныстарды қарауға дайынбыз", – деп жиынды түйіндеді Серік Жұманғарин.
Жиын қорытындысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық несие корпорациясымен, Қазақстанның аграрлық сақтандыру қауымдастықтарымен және қаржыгерлерімен бірлесіп Қазақстандағы фермерді сақтандырудың тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру тетіктерін әзірлеп, жаңа сақтандыру өнімдерін жасау, оның ішінде киіктерден, шегірткелерден және басқа да сақтандыру мүмкіндіктерін зерделейді деп шешілді.