Елімізде егістік жерлер тозып барады

1581

Жыл сайын эрозияға ұшыраған құнарлылығы төмен, тұзданған және ластанған жерлердің аудандары ұлғаюда.

Елімізде егістік жерлер тозып барады

Жаңа технологияларды қолдану топырақтың құнарлылығы мен ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл туралы Ө.О. Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия институтының зерттеуінде жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

“Қазақстанда экономикалық қатынастарды қарқынды дамытудың басты басым бағыттарының бірі табиғи ресурстарды, атап айтқанда топырақ және жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану және қорғау, топырақ құнарлылығын және ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің өнімділігін сақтау, арттыру болып табылады. Тозу үрдістерінің қарқынды жүруінің нәтижесінде жыл сайын эрозияға ұшыраған құнарлылығы төмен, тұзданған және ластанған жерлердің аудандары ұлғаюда. Қазақстан егіншілігінде қарашіріктің жойылуы 40%-ды құрайды, қатты тұзданған суармалы жерлердің ауданы 35-37%, ластанған жерлер 10%-дан аса ұлғайды”, – деп жазылған Ө.О. Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия институтының зерттеуінде. 

Институттың зерттеулері тозған жерлерде ауылшаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты өнімін алуды қамтамасыз етеді. Мысалы, қатты тұзданған сілтілі топырақтарды игеру технологиясы тыңайтқыштарды қолдану мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Ал олардың агротехниканың басқа сараланған әдістерімен бірге биоорганикалық тыңайтқыштармен үйлесуі, топырақ құнарлылығы мен ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

“Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарының тозған жерлерінде күріш және жүгері сияқты дақылдарды өсіру кезінде әзірленген технологиялардың өндірістік сынақтары өнімділікті 30-дан 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Биорганикалық тыңайтқыштарды (цеолит негізінде) тозған топырақтарда пайдалану дәнді дақылдардың (күріш) және картоптың өнімділігін арттыруға ықпал етеді және қосымша өнім 57%-ды құрайды”, – деп жазылған зерттеуде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу