Елімізде ең жоғары жалақыны қай сала қызметкерлері алатыны анықталды

885

Елімізде ең жоғары жалақыны қай сала қызметкерлері алатыны анықталды

2018 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 152,4 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7 процентке көп, деп хабарлайды Energyprom.kz-ке сілтемемен sputniknews.kz.

Инфляцияны ескергенде жалақының сатып алу қабілеті 2 процентке ұлғайды. Сатып алу қабілетінің өсімі 2015 жылдың бірінші тоқсанынан алғаш рет байқалып отыр. Ақшаның ең көп өсімі Маңғыстау облысында тіркелді — бір жыл ішінде бірден +14 процентке, 282 мың теңгеге дейін артқан. Бұл елдегі ең жоғары орташа айлық еңбекақы.

Сондай-ақ, жалақы бойынша Атырау облысы (279,9 мың теңге, бір жылда +9,2 процент), Астана (223,5 мың теңге, +9,9 процент) және Алматы (187,8 мың теңге, +4,4 процент) қалалары көш бастап тұр.

Ең жоғары жалақыны қаржы және сақтандыру саласының жұмысшылары (бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 299 мың теңге, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,8 процентке көп), сонымен қатар ғылыми, техникалық қызметпен айналысып жүрген қызметкерлер (255,1 мың теңге, бір жылда +7,2 процент) алады.

Өнеркәсіпте жұмысшылардың айлығы орташа есеппен 223,3 мыңға (+11 процент) жетті. Алайда тау-кен саласының қызметкерлері айына 366,2 мың теңге алады, бұл өткен жылға қарағанда 13 процентке артық.

Жалақының ең көп өсімі әкімшілік, қосалқы қызмет көрсету (бір жылда бірден 29,9 процентке, 178,7 мың теңгеге дейін) және құрылыс сегментінде (17,7 процентке, 201,4 мың теңгеге дейін) тіркелді.

2017 жылдың қорытындысы бойынша республикада орташа айлық жалақы 149,7 мың теңгені (бір жылда +5 процент) құраған еді. Алайда инфляцияны ескергенде, жалақының сатып алу қабілеті 2,1 процентке төмендеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу