Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Үкіметінің отырысында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Еңбек нарығының барлық негізгі индикаторлары тұрақты. Бұл ретте республикада жұмыс күші санының және оның құрамындағы жастар үлесінің өскенін атап өткен жөн. Мәселен, 2000-жылдардан кейін туған азаматтардың еңбек нарығына келуіне байланысты өткен жылы жұмыс күшінің өсімі 76 мыңды құрады немесе 2016-2020 жылдар аралығындағы жыл сайынғы өсіммен салыстырғанда 2 есе артты", – деді министр.
Ведомство басшысы елімізде халықты жұмыспен қамту үшін ұлттық жобалар және басқа да жүйелі шаралар іске асырылып жатқанын атап өтті.
"Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: 203,3 мың – ұлттық жобалар шеңберінде құрылған жұмыс орындарына; Президенттің "10 мың адамға 100 жұмыс орны" тапсырмасын іске асыру шеңберінде 203,9 мың жұмыс орны құрылды; 224,3 мың жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды; 22,3 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа шараларымен қамтылды. Атап айтқанда, гранттар, шағын несиелер алды, жұмыс күші артық өңірлерден көшірілді", – деді Тамара Дүйсенова.