Елімізде жыл сайын мыңдаған адам өзіне қол салады. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингі бойынша суицид деңгейі ең жоғары жиырма елдің қатарына кіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Құқықтық статистика комитеті мен ДДҰ мәліметтері бойынша ерлер әйелдерге қарағанда бұл қадамға 4-5 есе жиі барады.
Жалпы суицид феноменін және оның ішінде ерлердің өзіне қол салу құбылысын зерттегенде, ең алдымен, статистикалық жүйесі дамыған елдерде де ақпараттардың болмауына байланысты бірқатар мәселелер туындайды. 2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бағалаған 183 елдің 87-де ғана суицид деңгейі туралы сапалы деректер бар.
ДДҰ өз есептерінде 1-ден 4-ке дейінгі индекстермен берілген деректердің сапасын бағалайды. Сапа индексі 1-ге тең елде өлім себептерін анықтаудың бірнеше жылдардағы деректері бар. Индекс 2 орташа сапа проблемаларын білдіреді, индекс 3 – күрделі. Индекс 4 өлімді тіркеу деректерінің қолжетімсіз немесе жарамсыз екенін айғақтайды.
2019 жылғы соңғы есебінде ДДҰ Қазақстандағы деректер сапасын 1-индекспен бағалады. Бұл көрсеткіш 2016 жылғы есепте 2-индекс болған.
Қазақстанда жасөспірімдердің өзіне қол салуы да өзекті тақырып. Соңғы бір жылда барлық суицидтің 4%-ын 18 жасқа толмағандар жасаған, бұл үрдіс жыл сайын қайталанады.
Ал ересек адамдар арасындағы суицидтердің 76%-ын ер адамдар жасайды.
Көбіне мұндай қадамға 35-54 жас аралығындағылар барады. 2015 және 2021 жылдар аралығында болған суицидтердің үштен бірін осы жастағы адамдар жасаған.