Елімізде ескі көліктерге берілетін утилизациялық төлем темір тұлпардың теxникалық жағдайына қарай белгіленеді. Бұл туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Сондай-ақ кеше Астанада өткен үшінші KIAF қазақстандық халықаралық автокөлік форумында отандық машина жасау саласының мамандары нақты утилизациялық бағдарлама қажет екендігін жеткізді. Себебі елімізде ескі көліктердің қатары артып барады. Ресей утилизациялық алымды арттырады деген ақпаратты естіген отандық машина жасау саласының мамандарынан бүгінде маза қашқан. Себебі қазақстандықтар енді шекара асып, ескі көліктерін көрші мемлекетке қомақты қаражатқа өткізуі мүмкін.
"Қазақстандағы утилизациялық бағдарламаны ресейлік деңгейге дейін көтеру керек. Нәтижесінде отандық машина жасаушылар экспорт көлемін арттыра алады. Әйтпесе техникаларымызды шетке шығара алмаймыз. Қазір біздегі утилизация деңгейі төмен. Ескі көліктерді қабылдап, өңдейтін алып кәсіпорындар жоқ. Ол үшін арнайы бағдарламалар қабылдануы керек, - дейді Қазақстандағы машина жасау зауытының коммерциялық директоры Руслан Байқабылов.
Инвестициялар және даму министрі болса мәселені реттейтіндіктерін айтады. Ал алдағы аптада Ресейдің утилизациялық алымның деңгейі анықталып, соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылмақ.
"Ресейде біз бір кедендік аумақта жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан Ресейде ондай өзгерістер болса, бізде де ондай өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ оның бәрін осы нарықта жұмыс істейтін компаниялармен жалпы басқа министрліктермен әңгімелесіп, бір шешімге келуі керек. Бүгінгі күні шешім жоқ әлі", - деді министр Жеңіс Қасымбек.