Елімізде газ тұтынудың жаңа ережелері енгізіледі

131

Енді өңірлердің климаттық ерекшеліктері назарға алынады.

Елімізде газ тұтынудың жаңа ережелері енгізіледі Фото: gosuslugi.ru

Мәжіліс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, қолданыстағы баға белгілеу жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермейді. Сонымен қатар өңірлердің климаттық ерекшеліктері назарға алынбайды.

"Мәселен, жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты өңірдегі осындай үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды, бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатын бұзып, газды үнемдеуге ынталандырмайды. Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдану ұсынылады. Мұндай әдіс су және энергетика саласында қолданып отыр. Айта кету керек, мұндай тетік Әзербайжан мен Өзбекстанда бұрыннан енгізілген", – деді ол.

Келесі маңызды мәселе – газ тұтынуды есепке алудың дәл еместігі. Мәжілісмен келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта 2,1 млн тұтынушының есептегіш құралдарының көрсеткіштері бақылаушылар тарапынан қолмен алынады немесе тұтынушылар есептегіш көрсеткішін фотоға түсіріп, мессенджерлермен жібереді.

"Абоненттердің бір бөлігі кейде үйінде болмайды немесе есептегіш құралдарға қолжетімділік бермейді, бұл есептің толық әрі нақты жүргізілуіне кедергі келтіреді. QazaqGaz Aimaq жүйесіндегі 1,9 млн абоненттің тек 100 мыңы ғана деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдармен жабдықталған. Осыған байланысты деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдарға кезең-кезеңімен көшу, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру ұсынылады. Бұл ретте есептегіш құралдарды ауыстыру газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады", – деп түсіндірді Еділ Жаңбыршин.

Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс газ нарығындағы делдалдарға тосқауыл қоятын заңды қабылдағанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу