Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
"2021 жыл қазақстандық оқушылар үшін олжалы болды. Биыл шәкірттер әлемдік олимпиадаларда 31 медальдің 26-ын жеңіп алып, соңғы жылдардағы рекордты жаңартты. Білім алушылар ел қоржынына 2 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль салды. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дарынды балаларды қолдау үшін шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл міндетті іске асыру үшін Министрлік заңнамаға түзетулер әзірледі. Қазір заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді", – деп жазды министр Facebook парақшасында.
Оның атап өтуінше, түзетулер халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, яғни конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беруді, сондай-ақ осы олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуді көздейді.
"Оқушыларды ынталандыру үшін алтын медаль иегерлеріне – 1 500 АЕК, күміс медаль – 1 000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр", – деді Асхат Аймағамбетов.