Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылады. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.
Ерекше университет Елорда төрінде бой көтеруі мүмкін. Жобаны іске асыруға шамамен 1,5 трлн теңге қажет. Министр оның 30%-і мемлекеттен, ал 70%-і жеке инвестициялардан бөлінеді дейді.
Мұхамедиұлының сөзіне сенсек, аталмыш білім ордасы ашу арқылы ішкі және сыртқы туристер санын 4,2 есеге, яғни жылына 3-тен 13 миллионға дейін арттырып, 60 мың жаңа жұмыс орнын құрып, 6 млрд доллар инвестиция тарта аламыз.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес (Австриядағы Зальцбург мектебі, АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университеті, БАӘ, Швейцариядағы білім мекемелері, Гонконгтағы туризм менеджменті жоғары мектебі) әлемдік деңгейдегі диплом беретін Орталық Азиядағы алғашқы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетін ашамыз", – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру арқылы туристік салада жұмыс істейтін адамдар санын 650 мыңға дейін арттыру, сыртқы туристер ағынын 6,5-тен 9 миллионға, ал ішкі туристерді 4,6-дан 8 миллионға дейін жеткізу, Қазақстанды туризм саласы бойынша жетекші 30 елге енгізу жоспарланып отыр.