Елімізде халықтың тең жартысының жалақысы 143 мың теңгеден төмен

2141

Ресми деректер бойынша ең жиі төленетін жалақы сомасы 170 мың теңге көлемінде. 

Елімізде халықтың тең жартысының жалақысы 143 мың теңгеден төмен

Ұлттық статистика бюросы 2020 жылғы Қазақстан халқының жалақы туралы зерттеудің нәтижелерімен бөлісті. Соған сәйкес орта және ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін отандастарымыздың 50%-ы 142, 3 мың теңгеден төмен айлық алады, деп хабарлады finprom.kz.

Бұл өткен жылғы медианалық жалақы көрсеткіші. Осы тұста медианалық деп отырғанымыз орташа айлық емес, ең төменгі және ең жоғарғы айлықтың дәл ортасындағы көрсеткіш. Ал орташа айлық барлық деректерді қосып, ортақ соманы шығару арқылы есептеледі. 

Осылайша бір жылда медианалық еңбекақы 26,8% өскен. Бір айта кететіні, еліміздегі медианалық айлық орташа жалақыдан айтарлықтай (204,3 мың теңге) төмен. Былтыр бұл айырмашылық 30,4% болатын. Мамандар мұны елдегі әлеуметтік теңсіздікке балайды. 

Өңірлер бойынша орташа және медианалық айлық көрсеткішінің айырмашылығы 16% және 45% аралығында. Мәселен елордада медианалық жалақы 289,8 мың теңге. Бұл көрсеткіш қаладағы орташа жалақыдан 31% төмен. 

Екі көрсеткіш арасындағы ең үлкен айырмашылық Маңғыстау мен Атырау болыстарында мұнай-газ саласында тіркелген. Осылайша аталған өңірлердегі орташа жалақы көрсеткіші айлығы жоғары қызметкерлер санының көп болуымен байланысты болып отырғанын айғақтайды.

Сонымен қатар әйелдер мен ерлердің еңбекақысында гендерлік теңдік жоқ.  Мысалы 2020 жылы ерлердің медианалық айлығы 151,6 мың теңге болса, әйелдердің жалақысы 134,1 мың теңгені құраған.

Елімізде ең жиі төленетін жалақы сомасы 170 мың теңге екені анықталды. Бұл ретте бір жыл бұрын аталған көрсеткіш 58 мың теңге ғана болған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу