Қарағанды облысында Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ұзындығы 836 шақырым жаңа теміржол желісін іске қосу отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетінің өсуіне ықпал етпек.
Құрылыс барысында 419 құрылыс нысаны (5 ірі көпір, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі), сондай-ақ энергетика және байланыс объектілерін салу жоспарланып отыр.
Құрылыс 2025 жылдың төртінші тоқсанында аяқталуы тиіс.
Жұмысты іске қосу рәсіміне телекөпір режимінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты.
Соңғы бес жылда елімізде транзитпен контейнер тасымалдау көлемі 4,4 есе өсті, биылғы 10 айда экспорттағы жүк айналымы 74 млрд тонна-километрден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.
"Міне, бүгін соның бірі әрі ірі жоба Достық-Мойынты екінші теміржол құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді", — деді Әлихан Смайылов.
Жобаны іске асыру кезінде қазақстандық өнім үлесі 80%-дан асады. Атап айтқанда, шпалдарды, рельстерді, трансформаторларды жасауды, инертті материалдарды, құм мен қиыршық тасты жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асырады.
Құрылысқа 3 700 адам жұмылдырылмақ, ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 адам тұрақты жұмысқа орналастырылады.