ІІМ орталық аппаратында психологиялық жеңілдеу бөлмесі ашылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бөлменің ашылуы – ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің басшылығымен жүргізіліп отырған кадрлық әлеуетті нығайту жұмысының бір бөлігі. Қызметтік тәртіп пен кәсіби даярлыққа қойылатын талаптар қызметкерлердің психологиялық жағдайына көңіл бөлумен ұштасып отыр.
Полиция қызметкерлері күн сайын түрлі жанжалдарға, қайғылы оқиғаларға тап болады. Олардың өзін-өзі ұстай білуі және салмақты шешім қабылдауы азаматтардың қауіпсіздігі мен адамдарға көрсетілетін көмектің сапасына тікелей әсер етеді.
Бөлмеде психологиялық қалпына келу, кеңес беру және сенсорлық жеңілдеу аймақтары жабдықталған. Олар қызметкерлердің эмоциялық жүктемесін азайтуға бағытталған.
Жоба БҰҰ Даму бағдарламасымен серіктестікте, INL қолдауымен іске асырылды. Бөлменің мүмкіндіктерімен ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков, Қазақстандағы INL елдік директоры Джон Кроуфорд және БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерния танысты.