Қазақстанда қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай базасы құрылады

112

Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қазақстанда қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай базасы құрылады Фото: magnific.com

Қазақстанда қайырымдылық ұйымдары туралы мәліметтерді, соның ішінде жиналған және жұмсалған қаражат көлемін бірыңғай цифрлық ресурста жариялау тәртібі бекітілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәдениет және ақпарат министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 9 қазандағы бұйрығымен қайырымдылық саласындағы бірыңғай цифрлық ресурсты қалыптастыру қағидалары бекітілді.

Ресурстың негізгі мақсаты – қайырымдылық ұйымдарының қызметіне қатысты ашықтықты, жариялылықты және есептілікті қамтамасыз ету. Цифрлық базада қайырымдылық ұйымдары, олардың қызметі, жүзеге асырып жатқан бағдарламалары мен жобалары, сондай-ақ түскен және жұмсалған қаражат көлемі туралы мәліметтер орналастырылады. Бұл ақпарат көпшілікке қолжетімді болады.

Қайырымдылық ұйымдары қалай тіркеледі?

Цифрлық ресурсқа тіркелу үшін ұйым электронды өтініш беріп, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден немесе қайта тіркеуден өткенін растайтын анықтаманы қоса ұсынуы керек.

Уәкілетті орган өтініш пен құжаттардың толықтығын бір жұмыс күні ішінде тексереді. Егер сәйкессіздіктер анықталса, қайырымдылық ұйымы оларды хабарлама алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде түзетіп, өтінішті қайта жолдауы тиіс.

Тіркелгеннен кейін ұйымға цифрлық ресурстағы жеке кабинетіне қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Ұйым тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қағидаларда көзделген мәліметтерді жеке кабинетіне орналастыруы қажет. Уәкілетті орган жарияланған ақпараттың толықтығын 3 жұмыс күні ішінде қарайды.

Егер мәліметтер толық болмаса немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде ұйымға ескерту жібереді. Қайырымдылық ұйымы анықталған кемшіліктерді 3 жұмыс күні ішінде түзетіп, ақпаратты қайта жариялауы керек.

Жылдық есепті 31 наурызға дейін жариялау міндеттеледі

Жаңа қағидаларға сәйкес, қайырымдылық ұйымдары жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін жылдық есебін қазақ және орыс тілдерінде цифрлық ресурсқа орналастыруға міндетті.

Уәкілетті орган есептің уақтылы жарияланғанын, толықтығын және ондағы мәліметтердің шынайылығын тексереді. Есеп белгіленген мерзімде жарияланып, барлық бөлімдері мен бағандары толтырылған және нақты деректерге сәйкес келген жағдайда талаптарға сай деп есептеледі.

Сонымен қатар қайырымдылық ұйымдары өтінішіне немесе жарияланған мәліметтеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болса, оларды тиісті өзгерістер туындаған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жеке кабинетіне орналастыруы тиіс. Уәкілетті орган жаңартылған ақпаратты екі жұмыс күні ішінде цифрлық ресурсқа енгізеді.

Бұдан бөлек, ұйымдар жарияланған мәліметтерді кемінде тоқсанына бір рет жаңартып отыруы қажет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу