Елімізде қандай көліктер жиі сатылады?

607

Елімізде 2022 жылдың шілдесінде 11,6 мың жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылған. 

Елімізде қандай көліктер жиі сатылады?

2022 жылғы шілде айында Қазақстанда Chevrolet маркасының 4 мың көлігі сатылды. Hyundai (2,6 мың көлік), Kia (1,4 мың көлік), Toyota (903 көлік) және Lada (675 көлік) үздік бестік қатарынан көрінді, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандықтар арасында танымал жаңа көліктердің ондығына Hyundai маркасының 5 моделі кірді: Tucson (810 бірлік), Sonata (433 бірлік), Santa Fe (414 бірлік), Creta (391 бірлік) және Elantra (373 бірлік). Бұдан бөлек тізімде Chevrolet маркасының Cobalt (2796 бірлік) және Nexia (957 бірлік) моделдері, Kia Sportage (917 бірлік), Toyota LC Prado (491 бірлік) және Lada Granta (276 бірлік) бар.

Елімізде осы жылдың шілде айында 11,6 мың жеңіл көлік және жеңіл коммерциялық техника сатылған. Бұл былтырғы жылға қарағанда 9,1%-ға артық. Көрсеткіштің оң өсімі елдегі көлік зауыттарының қазақстандық тұтынушылардың қажеттіліктері үшін жедел қайта құрылуымен, ресейлік машиналардың тапшылығы кезінде ішкі нарықты толтырумен қамтамасыз етілді.

LMC Automotive деректері бойынша әлемде жаңа жеңіл көліктер мен жеңіл коммерциялық техниканы сату 6,9 млн бірлікті құраған. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда 5,8%-ға артық. Сатылымның үштен бір бөлігі Қытайға тиесілі. Бұл елде 2,5 млн жаңа жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылды. Аспан асты елінде сатылымның оң динамикасы коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде сатып алушылардың кейінге қалдырылған сұранысы, автокөлік нарығын мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларының іске қосылуымен тікелей байланысты.

1,1 млн жаңа көлік сатылған АҚШ екінші орынға тұрақтады. Батыс Еуропада өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда жаңа автомобиль сатылымы 8,9%-ға төмендеп, 910,1 мың көлік сатылды.

Автокөлік өндірісіне қажет құрамдас бөліктердің тапшылығы жаңа көліктерді жеткізуде қиындық тудырып отыр. Бұдан бөлек Украинадағы ахуал мен Қытайдағы коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеулердің жалғасуы логистикалық проблемаларды одан сайын күрделендіреді.

Еуропалық бизнес қауымдастығының деректеріне сәйкес, Ресейде 2022 жылғы шілдеде жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техниканың 32,4 мың данасы сатылған. Бұл өткен жылға қарағанда 74,9%-ға төмен. Белоруссияда жаңа көлік сатылымы 79,4%-ға азайған.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу