Жыл аяғына дейін жобамен 7 мың пәтер ел игілігіне табысталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстанда тұрғын үйге кезекке тұрғандардың саны 1 миллионға жуық, нақтыласақ 967 мыңға жетіп отыр. Сарапшылар тұрғын үй бағасы тағы да 10-12%-ға қымбаттауы ықтимал екенін жасырмайды.
Баспанаға кезекке тұру үшін соңғы 5 жылда өз пәтері болмауы керек. Мегаполистерде тіркелу мерзімі кемі 3 жылды толтыруы шарт. Қазіргі уақытта кезекте тұрғандардың (967 мың адам) 647 мыңы бұрын жергілікті атқарушы органдар арқылы тіркелген. Ал 24 мамырдан бері 320 мың азамат "Отбасы банк" арқылы кезекке қойылған.
"Отбасы банк" АҚ Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы директорының орынбасары Әсел Серікбаева үй алуда басымдықтың кімдерге берілетінін атап өтті.
– Мысалы, әкімдік мың пәтерлік үй салып, оны бізге бөлуге береді. Соның 70%-ын, яғни 700 пәтерді біз осы 8 санатқа бөлуіміз қажет. Оның 20%-ы – жетім балаларға тиесілі. Яғни, 1000 пәтердің 200-і жетімдерге, ал 500 пәтер қалған 7 санатқа беріледі, – дейді ол.
Айта кетейік, қалған 30% тұрғын үй мемлекеттік қызметкерлерге, зейнеткерлерге, толық емес отбасыларға және бюджет саласы қызметкерлеріне беріледі. Пәтерлерді бөлу 20 қазанда басталмақ, бірақ нақты уақыты жергілікті әкімдіктердің дайындығына да тікелей байланысты болып отыр.