Елімізде кәсіпкерлерге арналған қаржылай емес қандай қолдаулар бар?

489

2021-2022 жылдың қорытындысы бойынша 32 кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өткен.  

Елімізде кәсіпкерлерге арналған қаржылай емес қандай қолдаулар бар? Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Астана қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев “Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары - 2023” форумында айтты.

Оның сөзінше, мемлекеттік қаржылай емес қолдау шаралары 2015 жылдан бері көрсетіліп келеді.

Біріншіден, оған сервистік қолдау, яғни бизнесті сүйемелдеу бойынша қызметтер жатады. Шағын және орта бизнес субъектілеріне 4 бағыт бойынша қызметтер қолжетімді: бухгалтерлік және салық қызметтері; заң мәселелері және конкурстық (тендерлік) рәсімдер жөніндегі қызметтер; бизнес-жоспар әзірлеу жөніндегі қызметтер; қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша қызметтер. Бұл қызмет түрлерін 17 облыс орталықтарында және 3 республикалық маңызы бар қалада алуға болады.

“Екіншіден, ақпараттық-консультациялық қызмет түрлері тек қана аудан орталықтарында ғана беріледі. Оған кәсіпкерлер ғана емес, кәсіпкерлікпен айналысамын деген жеке тұлғалар да жүгіне алады. Келесі қызмет түрі іскерлік байланыстар деп аталады. Оның негізгі мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілеріне шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату есебінен қолдау көрсету. Бұл жерде қойылатын талаптардың бірі кемінде 5 жыл өтілі бар кәсіпкерлер болу қажет. Олардың жылдық айналымы 10 мың АЕК, яғни 35 млн теңге шамасында болу керек. Сондай-ақ, ШОБ субъектілері мемлекеттік деңгейде бекітілген басым салалар тізіміне сәйкес келу тиіс. Соңғы өзгеріске сәйкес, кәсіпкерлерге Германия еліне барып, тегін тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік бар”, - деді Бейсен Жолболдиев.

Одан бөлек биылдан бастап “Мен кәсіпкер” атты қосымша сервистік қызмет ашылған.

“Бұл 2 бағытта жүзеге асырылады. Оның біріншісі – әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту. Өткен жылдың наурыз айынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары ашылды. Олар “Атамекен” ҰКП өңірлік кәсіпкерлер палаталарының базасында жұмыс істейді. Екіншісі “Кәсіпке бағыт” деп аталады”, - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу