Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда жерде сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары болып отыр. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе, литийге деген сұраныс ерекше. Оны іздестіру жұмыстары Баянкөл өңірінің, Арал-Каспий аумағының маңында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды", – деді Үкімет басшысы.
Айтуынша, бұл Riotinto, Fortescue, Arras Minerals сияқты және басқа да ірі халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді.
Олжас Бектенов Қазақстан жекелеген металдардың қоры бойынша жетекші орында екенін еске салды.
"Бірақ соған қарамастан бізде кен өндіру деңгейі кеміп барады. Себебі, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмыстарының қарқыны төмен. Сондықтан аталған бағытқа тың тәсілдер қажет. Қолда бар минералдық-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалануға және жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеп, оны нақты іске асыру керек. Бүгінде пайдалы қазбалардың сапалық құрамы төмендеп барады. Бұл осы салаға көлемді қаражат тартуды және кен өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуді талап етеді. Яғни инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылдап, жеңілдіктерді қарастыру керек", – деді Премьер-министр.