Сонымен қатар, Маңғыстау өңіріндегі "Жыланды" мүйісі де туристік орын ретінде абаттандырылуға жақын, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге 215 мың турист келгенін айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп болып отыр. Туризм саласындағы көрсетілген қызметтер көлемі де 40 пайызға өсіп, 6,6 млрд теңгені құраған.
Еске салайық, ел Президенті Маңғыстау облысында "Жылы жағажай" ауданында орналасқан инвестициялық жобаларды іске асыруды тапсырған еді. Сол себепті, 2027 жылға дейін өңірде инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын 11 жоба жүзеге асу үшін жоспарланған.
– Президент тапсырмасына сәйкес, "Кендерлі" курорттық аймағының бас жоспары әзірленді. Бұл аймақта жылына 300 мың адамға дейін қабылдай алатын туристік қала салынады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталды. Жоба іске асқан кезде Жаңаөзен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып, негізгі жүктеменің төмендеуіне әсер етеді, – деді өңір басшысы.
Брифинг барысында алдағы жылы Маңғыстау өңіріндегі "Жыланды" мүйісінің туристік орын ретінде абаттандырылатыны және Бекет Ата жолының бойынан саяхаттаушылар үшін визит-орталығы салынатыны сөз болды.