Елімізде кісі өлтіру қылмысы 20%-ға төмендеді – ІІМ

336

Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады.

Елімізде кісі өлтіру қылмысы 20%-ға төмендеді – ІІМ Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мемлекет басшысына Қазақстандағы криминогендік жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Ержан Сәденов елімізде жасалатын қылмыстар санының төмендеу динамикасы сақталып отырғанын мәлімдеді. Кісі өлтіру 20 пайызға, ұрлық 28 пайызға, қарақшылық 32 пайызға азайған.

Тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері, сондай-ақ басқа да қылмыс түрлері де төмендеген.

Министр сондай-ақ құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берді. Бүгінде 8 миллион 500 мың заңға қайшы әрекет анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллионға көп. Жасалған құқықбұзушылықтар үшін 90 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 71 миллиард теңге өндіріп алынды.

Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, соның ішінде ІІО қызметкерлерін аттестациядан өткізіп, ведомствоны лайықсыз мамандардан тазарту шаралары жүріп жатқаны айтылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев "Заң және Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу