Бұл туралы Азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері туралы брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz.
"Жоғарғы арнаулы оқу орнына түсу және азаматтық ұйымға немесе мемлекеттік қызметке кіру кезінде волонтерлардың, қайырымдылық жасаушылардың құқықтарын кеңейту қарастырылған. Екіншіден осындай ұйымдарға мемлекеттік мүлікті жеңілдік арқылы пайдалану мүмкіндігі енгізіледі", – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.
Сонымен қатар зейнеткерлікке шыққан кезде азаматтардың волонтерлік қызмет атқарған уақытын есепке алу көзделіп отыр.
"Бұған қоса корпоративті волонтерлік қайырымдылық және электрондық қайырымдылық бойынша нормалар енгізіледі. Қазірдің өзінде смс, онлайн жүйелер арқылы қайырымдылық жасау тетіктері бар. Сондай-ақ қайырымдылық көмектердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың реестірі жасалатын болады. Сол арқылы ұйымдар іске асырылған жұмыстар туралы есеп беруге міндеттеледі", – деді Болат Тілепов.