Алматы облысында қой жүнінен органикалық тыңайтқыш өндіріле бастады. Кәсіпорын жаңа технологияның көмегімен табиғи шикізатты дұрыс пайдалануды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Себебі елде жыл сайын қырқылатын қой жүнінің 60 пайыздан астамы кәдеге жарамай, қоқысқа тасталады. Жүннен жасалған органикалық тыңайтқыш топырақтың құнарлығын арттыруға жақсы. Өнім әлемдік FIBL тізіміне еніпті. Бұл егіншілікте қолдануға рұқсат беретін құжат.
Жүн өңдеу зауыттары тек биязы жүнді қолданса, мұнда қылшық жүн де кәдеге жарай береді. Кішкентай түйіршіктер 12 ай бойы өсімдікті минералдармен қоректендіре алады. Ол ылғалды өзіне сіңіріп, көлемін 20 есе ұлғайтады. Уақыт өте құрамындағы азот, фосфор, калий, күкірт, кальций және магний босап шығады.
– Қойдың жүнінің проблемасы бар. Бұл тек қана тыңайтқыш шығарып қою ғана емес, жылда өртеніп жатыр ғой. Экологияға зияны тиіп жатыр. Қырқу кезеңінен біз жинап аламыз және бұл зауыт жылына 1000 тоннадай шығара алады, – дейді зауыт директоры Айдын Құдайбергенов.
Кәсіпорындағы құрал-жабдықтар Германиядан әкелінген. Бастапқыда қырқылған қой жүні тазартудан өтеді. Одан кейін жоғары температурада зиянды бактериялардан тазартылады. Мамандардың айтуынша, 1 тонна табиғи жүннен 900 кг өнім алуға болады.
Бұл жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ұсынған гранттық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асты. Кәсіпорын өніміне Болгария, Ресей, Оман және Еуропа елдері қызығушылық танытып отыр.