Бас прокурордың аға көмекшісі Асхат Ауқатов елімізде экологиялық кодекстің талаптары орындалмай жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Экологиялық кодекстің қабылданғанына үш жыл болғанына қарамастан, оның көп нормасы орындалмай отыр. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар тарапынан стационарлық ластау көздеріне инвентаризация жүргізілмеген. Ешкім олардың санын білмейді, елдімекендердің экологиялық сыйымдылығы анықталмады. Өз кезегінде бұл өте маңызды құжаттың бірі болып есептеледі. "Қазгидрометте" де ауа сапасы қадағаланбай отыр деуге келеді. Автоматтандырылған станциялардың 70%-дан астамы дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар үшін полигондар саны жеткіліксіз", – деді Асхат Ауқатов.
Бас прокурордың аға көмекшісі келтірген деректерге сәйкес, жыл сайын елімізде 7 млн тоннаға дейін қоқыс жиналады.
"Қазақстан ғарыш сапары" ресурстарының көмегімен біз жыл сайын 5-7 мың тоннаға дейін санкцияланбаған қоқыс үйінділері анықтаймыз. Бұл аумақтарда енді ештеңе де өспейді. Ал ол жерлердегі жер асты сулары пайдалануға жарамсыз. Соңғы ғарыштық мониторинг нәтижесінде Астанада осындай 400-ге жуық қоқыс үйінділері анықталды", – деді спикер.
Айта кету керек, осыған дейін экология талаптарын бұзған ірі компанияларға қанша айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.