Бұл туралы ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Алматы қаласында жоғары оқу орындары басшыларымен және студенттермен өткен кездесуде мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
Көлік құрылысында мамандар даярлайтын білім беру мекемелерімен стратегиялық өзара іс-қимыл және әріптестікті нығайту шеңберінде министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитеті, "ҚазжолҒЗИ" АҚ, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы өкілдерінен құралған жұмыс тобы Алматы қаласындағы бірқатар оқу орнына барды.
Негізгі мақсат – автожол саласындағы кадрларды дамыту перспективаларын талқылау және білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнату.
Айта кетейік, қазір елімізде автожол саласында білікті кадрлар тапшы. Саланың кадрларға деген қажеттілігі жыл сайын шамамен 2 мың адамды құрайды. Ал жоғары оқу орындары жыл сайын 100-ге жуық жол маманын дайындап шығарады.
Бүгінгі таңда Көлік министрлігінің Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жұмысының нәтижесінде білікті жол мамандарын даярлау үшін "көлік құрылысы" бағыты бойынша оқуға 1000 грант бөлу туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ кадрларды ынталандыру және мамандардың жұмыс сапасын арттыру үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты Jolshy базасын құрды. Аталған жүйе жоғары оқу орындарының түлектерінен бастап, автомобиль жолдарының құрылысы, оларды жобалау және пайдалануда жұмыс істейтін мамандарды қоса алғанда, жол саласының барлық маманы туралы ақпаратты қамтитын болады.
Қазіргі уақытта базаны толтыру және платформалармен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Enbek.kz және eLicense.kz мамандар базасында кадрлар туралы мәліметтер (біліктілік, жұмыс тәжірибесі, біліктілікті арттыру курстарының сертификаттары және т.б.), жол саласы кадрларының қажеттілігі туралы статистикалық деректер және жұмыс берушілер үшін кадрларды іріктеу бойынша ақпарат қолжетімді.