Қазақстанда I тоқсанның қорытындысы бойынша автонесие мен тұтынушылық қарыздарға сұраныс өсті. Ал ипотекалық және тұтынушылық кепілсіз несиелерге сұраныс төмендеді. Бұл туралы Ұлттық банк банктер арасындағы сауалнамаға сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Белгілі болғандай, өткен тоқсанның нәтижесі автокредит пен тұтынушылық қарыздарға сұраныс өскенін көрсетіп отыр. Өз кезегінде ипотекалық және тұтынушылық кепілсіз несиелерге сұраныс төмендеді.
"Ипотекаға сұраныстың төмендеуі көбіне тұрғын үй-жинақ салымдары бойынша мемлекеттік сыйлықақының салыстырмалы түрде кеш төленуіне байланысты болды. Осыған орай қарыз алушылар өтініштерін тоқсан соңына қарай бере бастады. Кредиттік өтінімдердің жалпы саны 241 мыңға дейін – 6%-ға өсті, ал олардың орташа мөлшері 16,6 млн теңгеге дейін – 7%-ға төмендеді", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиеге сұраныс аздап өсті. Мұндай өсім негізінен жеке банктің сыйақы мөлшерлемесін төмендетуіне және комиссияларды алып тастауына, сондай-ақ бір ірі банктің осы өнімді белсенді жылжытуына байланысты болды. Түскен өтінімдер саны 50,9 мыңға дейін – 25%-ға өсті. Өтінімдердің орташа мөлшері 12,8 млн теңгеге дейін – 9%-ға ұлғайды.
Ақпаратқа сәйкес, I тоқсанда кейбір банктердің маркетингтік акцияларды және тауарлық несие беруді тоқтатуына байланысты кепілсіз тұтынушылық кредиттерге сұраныс тұрақты түрде төмендеді. Бұл ретте, ірі банктер бұл сегменттегі сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталғанын атап өтті. Түскен өтінімдер саны 18,1 млн болды. Бұл өткен тоқсаннан 10%-ға аз.
Ұлттық банк автокредитті ішінара субсидиялайтын автосалондармен арадағы серіктестік негіздегі бағдарламалардың арқасында автонесиеге сұраныс артып келетінін баса айтты. Осылайша, кредиттік өтінімдер саны 1,4 млн-ға дейін – 13%-ға өсті, ал өтінімдердің орташа мөлшері 7,9 млн теңгеге дейін – 11%-ға ұлғайды.
"Ипотекалық өнімдер мен автокредит бойынша мақұлдау коэффициенттері тиісінше 24% және 16%-ды құрады. Мақұлданған кепілсіз қарыздардың үлесі де өсіп, 31% болды. Ал кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар бойынша мақұлдау көрсеткіші 2024 жылғы IV тоқсан деңгейінде сақталып, 36%-ды құрады", - делінген хабарламада.
Банктер ипотекалық қарыздарға сұраныс біршама артып, автокредитке сұраныс едәуір өседі деп күтіп отыр. Олардың пікірінше, тұтынушылық қарыздар бойынша сұраныс біршама төмендеуі мүмкін.