Үкімет көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілгеннен соң көмір өнеркәсібін дамыту жоспарын дайындауды тапсырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізінен, генерацияны дамыту көмір өндіру, көлік инфрақұрылымы және логистика мүмкіндіктерімен қатар жүруі керек.
– Ұлттық жоба бекітілгеннен кейін Үкімет көмір өнеркәсібін дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл құжат ұлттық жобаның жалғасы болып, көмір саласының энергетика, өнеркәсіп және коммуналдық-тұрмыстық сектордың өсіп келе жатқан қажеттілігін қалай қамтамасыз ететініне жауап беруі керек, – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің сөзінше, жоспар жай ғана құжат емес, саланы дамытуға бағытталған нақты жұмыс құралы болуы тиіс. Осы бағытта Энергетика министрлігі көмір өндіруші кәсіпорындармен, салалық қауымдастықтармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істемек.