Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген Қаулы жобасында көрсетілгендей "Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры" акционерлік қоғамы 100% мемлекеттік жарғылық капитал негізінде құрылады, деп жазады inbusiness.kz.
"Қоғам қызметінің негізгі мәні отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржылық қолдау және қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жаңғырту болып белгіленсін. Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруға 2022 жылға көзделген республикалық бюджеттен 153150000 (бір жүз елу үш миллион бір жүз елу мың) теңге бөлсін", делінген құжатта.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қоғамның жарғысын бекіту, әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін және өзге де шараларды қабылдауы тиіс.
"Жобаның мақсаты негізделген және ашық баға белгілеу процесін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданылатын) тауарларға (өнімге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу процесін регламенттеу" делінген түсіндірме жазбада.
Қаулы жобасы ашық талқылауда 21 желтоқсанға дейін болады.