Елімізде қосымша құн салығын қадағалайтын арнайы шот ашылады

1682

Елімізде қосымша құн салығын қадағалайтын арнайы шот ашылады

Елімізде қосымша құн салығын қадағалайтын арнайы шот ашылады. Бұл ең алдымен алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында іске қосылмақ.

Тың жүйе "Салық кодексі" жобасында қарастырылып отыр. Осы жайында бүгін Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов айтты. Алайда, бұл норма міндетте емес, ерікті түрде жүзеге асқаны жөн деп қаралуда. Бүгінде бірқатар салық төлеушілер, мәселен әуежай, теміржол, жүк тасымалы қызметіндегілер ерікті түрде осы жүйемен жұмыс істеуге дайын. Айта кетейік, бүгінде қайтарылмаған қосымша құн салығының мөлшері 500 млрд теңгені құрайды. Ведомство басшылығының айтуынша мұны қарыз деуге келмейді. Бұл операциялық сомма, салық төлеушілердің декларациясы негізінде туындайтын жағдай деп түсіндірді.

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

"Түрлі компаниялар барлық жеткізушілеріне арнайы шот ашуға келісіп отыр және тасымалдаушылар бұған қарсылық білдіріп отырған жоқ. Яғни, қосымша құн салығы олардың шотына емес, банкте ашылған есепке түсіп отырады. Сол арқылы салық төлеушілер қанша қосымша құн салығы түскенін біліп отырады. Сондай-ақ, кері қайтаруға өтініш түссе, сол күні-ақ, ең төменгі пайызбен ақша ұсталады да, тексеріліп, қайтарылады".

Сондай-ақ, ведомство басшылығы әлеуметтік салық 2021 жылдан кейін төмендетілуі мүмкін екендігін мәлімдеді. Себебі, ставканы кеміткеннен кейін, бюджетаралық қатынастарды да өзгерту қажет. Әлеуметтік салық жергілікті бюджетке түсетін болғандықтан, оның орнын алмастыратын салық керек. Бүгінде осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, әлеуметтік салықты заңды тұлғалар төлейді және оның мөлшерлемесі еңбекақының 11 пайызын құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу