Синоптиктер алдағы күндері де ауа райының құбылмалы болатынын ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы "Қазгидромет" РМК Ұзақ мерзімді ауа райын болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы күндері Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін. Маман мұндай жағдайды Атлантикалық циклонның әсерімен түсіндірді.
Жұлдыз Исабекованың сөзінше, бұл синоптикалық жағдай шілде айының соңына дейін жалғасады. Ал Павлодар облысында жуырда тіркелген қатты жел қалыптан тыс табиғи құбылысқа жатпайды.
Синоптиктердің айтуынша, тұрғындарға қолайсыз ауа райы туралы ескертулер алдын ала жіберіліп отырады. Сонымен қатар SMS-хабарламалар арқылы да ақпарат таратылады. Әсіресе найзағай кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет екені ескертілді.
Алдын ала болжамға сәйкес, тамыз айының басында елдің оңтүстік және шығыс өңірлерінде аптап ыстық сақталады. Ал батыс аймақтарда ауа температурасы біртіндеп төмендеп, ыстықтың беті қайтады.