Елімізде құрылыс саласы сақтандырылуы мүмкін

1241

Қазақстандағы құрылыстың ашықтығын қамтамасыз еткен соң, салада сақтандыру жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Елімізде құрылыс саласы сақтандырылуы мүмкін

Оның айтуынша, E-Qurylys ақпарат жүйесі құрылыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, бюджет қаржысын бақылауға мүмкіндік береді.

"Бұл – бірінші қадам. Екінші қадам сақтандыру жүйесін енгізу болып саналады. Үлескерлердің, сенімсіз құрылыс компанияларға қатысты мәселені білесіздер ғой. Мұнда ескеретін жағдай бар. Осы салада (құрылыс – автор) сақтандыру нарығы енген жоқ. Сақтандыру қоғамы бізге құрылыс саласының ашықтығын толық қамтамасыз етіңдерші деп отыр", - деді бірінші вице-министр.

Қайырбек Өскенбаев сақтандыру компаниялары құрылыс нарығына аудит жүргізіп (салынып жатқан нысан мен құрылыс компаниясына қатысты), нысанды сақтандыру-сақтандырмау туралы шешім қабылдауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Сондықтан бұл – (E-Qurylys жүйесін енгізу – автор) саладағы ашықтықты қамтасыз етудің бірінші кезеңі. Екіншіден, сақтандыру жүйесін енгіземіз. Үшіншіден, барлық жүйе іске қосылғасын, өзін-өзі реттеу тетігін іске қосамыз. Бұл мәселені назарға алдық. Себебі, мемлекет өкілеттілігінің бір бөлігін өзін-өзі реттеуге беруі керек. Алайда құрылыстың сапасын бақылау, сапалы құрылыс материалдарын пайдалану және тағы басқа жағдайлар мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керек", - деді министрдің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ ол мұндай жағдайда бизнес қосымша жауапкершілік алатынын түсіну керегін атап өтті. 

Айта кетейік, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа 6 цифрлық жобаны таныстырған еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу